KZ
KZ RU
07 мамыр 2018 20:38

Премьер-лиганың 8-турының үздіктер құрамасы

07 мамыр 2018 20:38

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы 2018 жылғы маусымдағы Премьер-лиганың сегізінші турындағы үздіктер құрамасын назарларыңызға ұсынады:

Құрама ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.

Өткен турдың қорытындысы бойынша үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:

Қақпашы: Жасур Нәрзіқұлов, «Ордабасы».

«Жақсы қақпашы команданың жарты табысы» деп айтылған сөз Жасур Нәрзіқұлов пен «Ордабасы» командасына жарасады. Сенбі күні шымкенттік команданың қақпашысы барлық ойын сәтінде мінсіз әрекет етіп, «Ертіс» ойыншыларының гол соғуына мүмкіндік бермеді. Оның қоржынында тиімді екі сейв, қайтарылған бес соққы бар. Сонымен қатар, жеті рет (100 пайыз) қақпадан шығып, қателеспеді. Ойын индексі – 259.

Сол жақ қорғаушы: Матео Мужек, «Шахтер».

Матео Мужек бабына еніп, «Астанамен» өткен жеңісті ойынды жақсы ойнады. Кей сәттерде ол отандасы Марин Томасовтың ойынын оқып, ойлағанын жүзеге асырмай қойды. Қорғаушы 19 рет допқа таласып, 14 рет жеңіске жетті. Ойын индексі – 212.

Орталық қорғаушылар: Сергей Малый, «Астана»; Хрвое Милишевич, «Ақтөбе».

Нәтижеге қарамастан Григорий Бабаян «Шахтермен» өткен кездесуде қорғаушы Сергей Малыйдың ойынына көңілі толуы тиіс. Ол допқа таласу көрсеткіші (24-21) бойынша турдың көшбасшысы атанды. Алты рет допты «таза» тартып алып, пастарының дәлдігін 84 пайызға жеткізді. Елордалық қорғаушының қорғаныстағы ойынын Instat жоғары бағалады. Ойын индексі – 274.

«Ақтөбе» командасының хорватиялық легионері Хрвое Милишевич «Атырауға» қарсы сапалы матч өткізді. Ол тартыстың 80 пайызында жеңіске жетіп, берген пастарының дәлдігін 85 пайызға жеткізді. Қарсыластың пасын 14 рет қағып әкетіп, қарсыластың добын 13 рет тартып алды. Сонымен қатар, нәтижелі пастың авторы атанды. Ойын индексі – 267.

Оң жақ қорғаушы: Абзал Бейсебеков, «Астана».

Абзал Бейсебеков шабуылда да, қорғаныста да белсенді қимылдады. Елордалық латераль 11 рет допқа таласып, 8 рет жеңіске жетті. Қарсыластың пасын 10 рет қағып әкетіп, қарсыластың добын 9 рет тартып алды. Екі рет қарсыласын алдап өтіп, пастарының саны (102) мен сапасы (82) бойынша көшбасшы атанды. Ойын индексі – 236.

Орталық жартылай қорғаушылар: Думан Нәрзілдаев, «Қайсар»; Антон Шурыгин, «Ақтөбе».

Думан Нәрзілдаев қызылордалықтардың сырт алаңдағы табысының жаратушысы. Команда капитаны нәтижелі пас пен голдың авторы атанды. Үшінші гол да оның қатысуымен соғылды. Шабуылды бастаған Думан болатын. Сонымен қатар, 11 рет қарсыластың добын қағып әкетіп,  қарсыластың добын 20 рет тартып алды. Пастарының дәлдігі – 80 пайыз. Ойын индексі – 219.

Антон Шурыгин «мұнайшыларға» қарсы жақсы ойын көрсетті. Пастарының жоғары дәлдігін назар аудартады – 93 пайыз (28-26). Сонымен қатар, қарсыластың пасын 13 рет қағып әкетіп, қарсыластың добын 17 рет тартып алды. Бұл оның қорғаныста сенімді ойнайтынын білдіреді. Ойын индексі – 232.

Сол жақ жартылай қорғаушы: Қуаныш Қалмұратов, «Атырау».

Қуаныш Қалмұратовтың командасы сенбі күні ұпай бөлісті. Алайда, бұл ойыншы айыптау мүмкін емес. Ол өте көп жұмыс атқарды. 44 рет (79 пайыз) дәл пас шығарып, үш рет сәтті дриблинг жасады. Ойын индексі – 250.

Оң жақ жартылай қорғаушы: Дамир Кояшевич, «Шахтер».

Дамир Кояшевич кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды соғып, «Астананың» жеңіліссіз сериясын үзді. Черногориялық футболшы қақпаға екі рет соққы бағыттап, қарсыластың добын 14 рет тартып алды. Сонымен қатар, оның пастарының 68 пайызы көздеген мақсатына жетті. Екі рет қарсыласын алдап өтті. Ойын индексі – 224. 

Шабуылдаушы жартылай қорғаушы: Никита Бочаров, «Ордабасы».

«Ертіспен» өткен қиын кездесуде Никита Бочаров шешуші голды соғып, жақсы ойын көрсетті. Оңтүстік өңірінің командасында ресейлік футболшы ең нәтижелі ойыншы атанды. Қарсыластың қақпасына екі рет соққы бағыттады. Футболшыға қарсы үш рет ойын ережесі бұзылды. Төрт рет қарсыласын алдады. Берген пастарының дәлдігі де таңқалдырды – 83 пайыз. Ойын индексі – 253. 

Шабуылшы: Предраг Сикимич, «Атырау».

Батыс дербиінде гол соғып, өз командасына тең нәтиже алып берген сербиялық форвард өзіне жүктелген міндетті атқарып шықты. Предраг Сикимич шығарған пастарының дәлдігі де жоғары. Шабуылда ойнайтын футболшы үшін ерекше нәтиже – 82 пайыз. Ойын индексі – 228.