15-ші тур қорытындысы: «Жас Қыран» клубы 5 матч қатарынан жеңіске жетті
30-31 шілде күндері QFL Екінші лигасының 15-ші туры аясында «Оңтүстік-Батыс» конференциясында топ басындағы AKAS клубы алматылық дербиде «Жас Қыранға» есе жіберді.
Қандай нәтижелер тіркелді?
- 12 ойында 37 гол соғылды.
- 60 сары қағаз көрсетіліп, 6 ойыншы алаңнан қуылды.
- «Жас Қыран» клубы ғана шілде айында барлық матчта жеңіске жетті.
- «Талас» және «Жеңіс Жас» клубтары сырт алаңда бірінші рет 3 ұпай алды.
- «Оңтүстіктің» 5 матчқа жалғасқан жеңіліссіз сериясы тоқтады. Бұған дейін олар дәл осы AKAS-қа жол берген болатын.
- «Атырау Ж» көпшілікті таңғалдырып, 4 матч қатарынан қарсыласынан басым түсті.
«Оңтүстік-Батыс» конференциясы
30 шілде
«Тұран Ж» - «Атырау Ж» - 1:2
Голдар: Дінмұхаммед Серікұлы, 10 минут (1:0), Қошали Измуллаев, 68 минут (1:1), Темірлан Жиеналиев, 90 минут (1:2)
Cоғылмаған пенальти: Олег Солтанов, 86 минут («Атырау Ж»)
Турнир кестесін түйіндеп тұрған түркістандықтар соңғы рет Атырау қаласындағы матчта тең түсіп, 1 ұпай алған болатын. Одан бері 4 турда барлығына ұпай сыйлап келеді. Сондықтан алаң иелері кезекті рет «Атырау Ж» ұжымынан ұпай алуға дәмелі болды. Кездесу де «Тұран Ж» футболшыларының жылдам есеп ашуымен басталды. Бұдан кейін ойын тізгіні қонақтарға өтіп, стандарттық жағдайларды голға айналдыруға тырысқанымен, қақпашы ерекше белсенділік көрсетті. Тек екінші таймда ғана Қошали Измуллаев алыстан гол соғып, алаң иелерінің кемшіл тұсын байқады. Артынша алыс қашықтықтан соққыларды үдетті. Тіпті пенальти де белгіленді. Пенальтиді қайтарғаннан кейін түркістандықтар тең есеппен қайтатындай көрінген. Алайда «Атырау Ж» соңғы минутқа дейін үміттерін үзбей, 90-шы минутта 3 ұпайды алып кетті.
«Тараз Ж» - «Мақтаарал» - 1:1
Голдар: Мейрамбек Серікбай, 82 минут (0:1), Азамат Қасым, 89 минут (1:1)
Алаңнан қуылған: Темірлан Аманжанов, 21 минут («Тараз Ж»)
Алғашқы минутта жеңіске ұмтылған «Мақтаарал» клубы қарсылас қақпасын нысанаға алды. Тіпті 21-ші минутта өрескел ойнаған «Тараз Ж» футболшысы Темірлан Аманжанов алаңнан қуылып кетті. Қалған 70 минутта қонақтардың жеңіске жететіні күмәнсіз көрінген. Бірақ 80-ші минутқа дейін алаң иелері сыр беріп қана қоймай, теңдей ойын өрнегін көрсетті. Ал 82-ші минутта ақыры қонақтар гол соқса да, соңғы минутта керемет орындалған айып соққыны Азамат Қасым түйіндеді. Есеп: 1:1. Осылайша, «Мақтаарал» 2 ай бойы жеңіске жете алмай келеді.
31 шілде
«Ордабасы Ж» - «Қайсар-Шиелі» - 3:3
Голдар: Өркен Нұрали, 16 минут (1:0), Саят Жахмуров, 33 минут (1:1), Диас Өтебек, 49 минут (1:2), Бекнұр Ниязқұлов, 63 минут (2:2), Батырбек Шатан, 75 минут (2:3), Әлібек Қалдар, 78 минут (3:3)
Бірінші айналымда 5 гол соғып керемет ойын сыйлаған командалар осы жолы да қалыс қалмады. Қорғаныс шебі әлсіз, бірақ шабуыл шебіндегі басымдықтарын пайдалануға тырысатын тарап бар мүмкіндіктерін пайдалануға тырысты. 1 айдан бері жеңістің дәмін тата келмей жатқан «Қайсар-Шиелі» үшін бұл ойында жеңіске жетсе, 4-ші орынға көтеріліп кетуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ 90 минутта жеңімпаз анықталмай, командалар 1 ұпаймен тарады.
KazAST - «Талас» - 1:2
Голдар: Бекзат Мансуров, 51 минут (0:1), Арман Алтаев, 55 минутта пенальти (1:1), Бекзат Мансуров, 87 минут (1:2)
Алаңнан қуылған: Оразхан Үтібаев, 69 минут («Талас»)
Қос команда да дебютант болғанымен, KazAST фаворит болды. Біріншіден, алматылықтар турнир кестесінде жоғары тұр. Екіншіден, «Талас» клубы сырт алаңда сәтсіз ойнайды. Бірақ мүлдем күтпеген сценарий тіркелді. Екінші таймда орталық шептегі позициялық қателікті қонақтар ұтымды пайдаланып, есеп ашты. KazAST бірден алға ұмтылып, тараз басын теңестіруге 3 минут жеткілікті болды. Одан соң, «Талас» қақпашысы өрескел ойнап, алаңнан қуылып кетті. Бірақ алматылықтар қанша шабуылдағанымен, доп қақпа бағанынан қайтты. Ал соңғы минуттарда «Талас» тағы да қарымта шабуылда нәтижелі ойнап, күтпеген жерден жеңісті жұлып әкетті.
«Оңтүстік» - AKAS - 1:2
Голдар: Арсений Мелещенко, 22 минут (0:1), Қадырбек Асқар, 46 минут (1:1), Мұхтархан Сабдиров, 90+5 минут (1:2)
«Оңтүстік-Батыс» конференциясындағы көшбасшылардың кездесуі маңыздылығы жоғары болды. Себебі, AKAS жеңсе, қайта оқ бойы озып кетуге мүмкіндіктері болады. Ал «Оңтүстік» жеңсе, ара қашықтықты 2 ұпайға дейін қысқартатын еді. Оның үстіне шымкенттіктер өз алаңында толассыз шабуылдап, ірі жеңістерге жетіп жүрген. Осы жолы да солай болды. Қонақтар бірінші есеп ашса да, ойын толықтай «Оңтүстіктің» бақылауында болды. Тіпті бірнеше рет бос қақпаны да көздей алмады. Ал соңғы минутта алматылықтардың матчтағы екінші дәл соққысы жеңіс үшін жеткілікті болды.
«Жас Қыран» - «Іле-Алатау» - 1:0
Гол: Мейіржан Бағланұлы, 66 минут (1:0)
Бірінші айналымда «Іле-Алатау» 5:0 есебімен қарсыласын талқандап, жалпы алғашқы кезеңді сәтті аяқтаған болатын. Алайда екінші айналым басталғалы «Жас Қыран» клубының жолы болып жүр. Олар шілде айындағы барлық матчтарында ұпайдан шашау шығармады. Осы жолы да ойын барысы эпизодтарға толы болмағанымен, «Жас Қыран» санаулы мүмкіндігін пайдаланып кетті. Енді олар екінші орындағы «Оңтүстіктен» 1 ғана ұпай қалып тұр.
«Солтүстік-Шығыс» конференциясы
30 шілде
«Жетісу Ж» - «Жеңіс Жас» - 2:3
Голдар: Шыңғыс Әнуарбек, 10 минут (1:0), Мирас Қайратов, 23 минут (1:1), Жәнібек Қорғанбек, 47 минут (1:2), Николай Горобченко, 56 минут (1:3), Ислам Кундаков, 85 минут (2:3)
Бірінші айналымда сенімді жеңіске жеткен «Жетісу Ж» осы жолы да қарсыласын қалпақпен ұрып алатындай көрінген. Тіпті 10-шы минутта Шыңғыс Әнуарбек жылдам есеп ашты. Осы голдан кейін талдықорғандықтардың қарқыны бәсеңдеп, ойын тізгінін қонақтарға берді. Араға 13 минут салып, қонақтардың капитаны Мирас Қайратов жеке шеберлігінің арқасында есепті теңестірді. Екінші таймда қонақтар екі өзгеріс жасады. Нәтижесінде алаңға қосалқы құрамнан шыққан Жәнібек Қорғанбек араға 38 секунд салып, астаналықтарды алға шығарды. Бұл гол алаң иелерін есеңгіретіп тастап, тағы да гол жіберді. Қалған уақытта қонақтар жеңісті есепті сақтап қалды. Нәтижесінде «Жеңіс Жас» алғаш рет түзде 3 ұпай алды.
«Қызылжар Ж» - «Тобыл Ж» - 1:0
Гол: Архат Ақантай, 90+1 минут (1:0)
Алаңнан қуылған: Әлібек Жайлаубаев, 84 минут («Тобыл Ж»)
Бірінші айналымда қостанайлықтар чемпионатты өте қарқынды бастап, 3-ші турда «Қызылжар Ж» командасын 6:0 есебімен жеңген болатын. Алайда уақыт өте келе «Тобыл Ж» ұпай жоғалтып, көшбасшылардан қара үзіп қалды. Осы кездесуде «Қызылжар Ж» үшін 3 ұпай алуға алдарында 2 мотивация тұрды. Біріншісі – ірі жеңілістің есесін қайтару, екіншісі – қостанайлықтарды қуып жету. Матч ұзақ уақыт бойы теңдей өтті. Тек матчтың соңғы бөлігінде қонақтардан бір футболшы қуылды. Ал қалған 10 минут «Қызылжар Ж» үшін 3 ұпай алуға жеткілікті болды.
«Ертіс» - «Оқжетпес Ж» - 2:0
Голдар: Тимур Байжанов, 72 минут (1:0), Руслан Есімов, 82 минут (2:0)
Алаңнан қуылғандар: Даниил Нырков, 75 минут (Ertis), Тимур Арчаков, 75 минут, Александр Воронин, 86 минут (екеуі де «Оқжетпес Ж»)
Ең көп соққы жасайтын «Ертіс» командасына қонаққа келген «Оқжетпес Ж» алғашқы минуттан қорғаныста жатып, асқан жанкештілікпен қақпаларын қорғаумен болды. Оған дәлел, олар 90 минутта небары 1 соққы жасады. Павлодарлықтар қанша шабуыл жасағанымен, 1 сағаттан астам уақыт бойы қонақтардың кілтін таба алмады. Тек 72-ші минутта көтерілген бұрыштамада ғана ақыры алаң иелері есеп ашты. Бұл голдан кейін команданың сұрмергені Руслан Есімов тағы да белсеніп, ойын нүктесін қойды.
«Елімай Ж» - «Астана Ж» - 2:3
Голдар: Батыржан Мұстафин, 15 минут (0:1), Аслан Ғабиден, 27 минут (0:2), Қуаныш Шаймарданов, 43 минут (1:2), Мейіржан Жұмаділов, 47 минут (2:2), Нұрали Жақсылық, 77 минут (2:3)
Турнир кестесінде 3-ші орында келе жатқан «Астана Ж» тұрақтылығымен көзге түсіп келе жатқан санаулы ұжымдардың бірі. Осы жолы да олар Семейде айналдырған жарты сағаттың ішінде 2 гол соғып, кездесу тағдырын шешкендей көрінген. Алайда алаң иелері бірінші таймның соңында есепті қысқартты. Ал екінші тайм бастала сала, тараз басын теңестірді. Бұнымен де тоқтап қалмады. Жеңісті жұлып алу үшін, қарсыласын одан сайын қыспаққа алды. Бірде қақпашы құтқарса, бірде доп қақпа бағанасынан қайтпады. Осы орайда сен соқпасаң, саған соғады деген қағида рөл ойнап, 77-ші минутта Нұрали Жақсылық астаналықтарға жеңіс әперді. Қонақтардың 3 ұпай алатындығы әуеліде күтілгенімен, матч олар үшін өте қиынға соқты.
31 шілде
SD Family Ж - «Алтай Ж» - 2:2
Голдар: Нұржан Ерланұлы, 36 минутта пенальти (1:0), Мақсат Талғатов, 51 минут (1:1), Тимур Қуантаев, 53 минут (2:1), Ануар Аманжанов, 60 минут (2:2)
SD Family Ж командасы өскемендіктерден әлдеқайда жоғары орында келе жатса да, ыңғайсыз қарсылас саналады. Себебі, бірінші айналымда «Алтай Ж» айқын басымдылыққа ие болып, 3 ұпай алған болатын. Осы жолы да қонақтар тек қорғаныста жатуды көздеп қана қойған жоқ. Алма-кезек шабуылдап, қос тарап та 3 ұпай алуға бар күштерін салды. Нәтижесінде 2:2 есебі тіркеліп, ұжымдар қанағаттандырарлықсыз нәтижемен тарқасты.
«Шахтер Ж» - «Ақсу» - 1:1
Голдар: Александр Мигунов, 86 минут (1:0), Дархан Базилов, 90+4 минут (1:1)
Командалар турнир кестесінде әр түрлі орындарда орналасса да, бірінші айналымда қарағандылықтар 5:1 есебімен жеңсе де, бұл матч «Солтүстік-Шығыс» конференциясындағы орталық матчтың бірі саналды. Неге? Себебі, «Ақсу» осыған дейін 3 матчта қатарынан жеңіске жетіп, «Ертіске» лайықты қарсылық көрсеткен болатын. Оның үстіне «Ақсу» павлодарлық «Ертіске» көмектесу үшін, барын салды. Алайда қонақтар қосалқы құрамда 3 қана футболшысымен Қарағандыға аттанған еді. Бірақ бұл олардың соңғы минутқа дейін жанын салып, ұпай алуына тосқауыл болмады. Осылайша, «Шахтер Ж» енді «Ертістен» 1 ғана ұпаймен алда тұр.
Айта кетейік, QFL Екінші лигасының 16-шы тур ойындары 6-7 тамыз күндері өтеді.